Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектепте жаңа оқу жылы басталысымен мәдени шаралар өте бастады. Қазақстан халықтарының тілдері күні мен ұлт тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерекесі мектептің ішкі жоспарына сәйкес атап өтілді. А.Байтұрсынұлының шығармаларымен мектеп оқулығынан танысатын 6 сынып оқушылары ақынның шығармашылығы бойынша «Қырық мысал» сахналық көрінісін қойды. Қазақ әдебиетінің, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының мәні күні бүгінге дейін өзекті екені белгілі. Соның ішінде ғибраттық сипаты мол «Қырық мысал» жинағы – орыс ақыны И.Крыловтан аударған көркем шығармалары. Ақын мұнда әлеуметтік өмірдің, адамға тән мінез-құлықтың жағымсыз қырларын көрсетіп, гуманистік ойға шақырады. Оқушылар мысал кейіпкерлерінің костюмдерін киіп, шығармалардың идеялық ерекшелігін ашатын бейнелерді сахналады. Мысал теріс қасиеттерді сынай отырып, адамгершілікке, мейірімділік пен адами қасиеттерге шақыратын жанр. Мысалдың осы сипатын сахналаған оқушылар ойларын қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жеткізді. Оқушылар мысалдағы әрбір образды нақты әрі қызықты көрсете алды. Осы шаралар арқылы шәкірттердің ана тіліне, көркем шығармаға деген қызығушылығы тереңдеп, тәрбие мен өнегелі сипаттарды тани түскені анық.