25 ақпан күні Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектептің 9-сынып оқушылары ортасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, қоғам қайраткері Жарасбай Нұрқановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Жарасбай Нұрқанов– біздің мақтанышымыз!» атты әдеби кеш өтті. Қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, бойына ізгілік үрдісін сіңірген қаламгердің әдеби шығармашылық кешінде оның сүйікті жары, ардагер- журналист , қоғам қайраткері Қазына Нұрқанова қатысты. Жарасбай Нұрқановтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби шығармашылық кешті қазақ тілі әдістемелік бірлестігінің қазақ тілі мұғалімдері: Расулова Е.А.,Исатаева С.К.,Шакирова Д.С. ұйымдастырды. Кеш барысында мектебіміздің 5-11 сынып оқушылары жазушының қаламынан туындаған отты өлеңдері мен прозалық шығармаларынан үзінділерді нақышына келтіріп оқып, көрермендерді баурап алды. 11-сынып оқушысы Теплов Максим жазушының өмір жолына қысқаша шолу жасап, ақын өзіне ғана тән тақырыптық ,жанырлық, стильдік,даралығы,ерекше сөз нақышы,ашық үні,өзіндік сезімі бар шығармаларымен таныс екендігі туралы,жазушының «Студенттік дәурен», «Көкжиек», «Анашым» «Қара көздер», «Нұрлы терезе», «Алтын десте», «Арманым менің», «Терең барлау», «Буынсыз бала» «Қызылжар», Ерте солған гүлдер» атты туындыларымен оқырмандарды таныстырып өтті. Кешке арнайы шақырылған журналист , қоғам қайраткері Қазына Нұрқанова оқушыларға Жарасбай Нұрқановтың өмір жолы,шығармашылығы туралы тың мәлімет беріп,жазушының шығармашылығы туралы түсірілген видео фильмді оқырмандарға тарту етті. Кеш соңында мектеп директоры сөзге шығып,жазушы Жарасбай Нұрқанов киелі қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын жаңаша жол қалыптастырып, өзекті де өткір шығармаларымен оқырман жүрегінен өшпес орын ала білген жазушы екені туралы оқушыларға айтып өтті. Жарасбай Нұрқановтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби шығармашылық кеш жоғары деңгейде, өте көңілді өтті.